Астың берекесі неде?
Астың берекесі неде?

Сахабалардан Сәлман әл-Фариси (р.а.) бірде Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Уа, Расулалла, мен Тәуратты оқыдым. Онда тамақ ішкеннен кейін қол жууда береке бар делініпті» деді. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Береке тек астан кейін қол жууда ғана емес, астың алдында да, соңынан да қол жууда» деп түсіндірді.


Ғалымдардың айтуынша, Тәуратта тек астан кейін қол жуу қағидасы бар. Ал Пайғамбарымыздың сүннетінде астың алдында да, астан кейін де қол жуу міндеттеледі. Бұл бір жағы берекеге себеп, енді бір жағы денсаулыққа да пайдалы.

Бір жолы сахабалар астың алдында Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Уа, Расулалла, дәрет аласыз ба?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дәрет алатындай намаз оқиын деп жатқан жоқпын ғой» деді.

Бұл сұрақты сұрағанда сахабалар астан бұрын дәрет алынады екен деп ойлаған еді. Алайда Расулалла дәрет алмай, астың алдында және астан кейін қолын жуған болатын. Бұл мұстахаб дәрежесіндегі сүннет.

Астың алдында қол жуу гигиена талабына жатады. Өйткені қолдағы кір мен микроптарды тазалау қажет. Ал тамақтан кейінгі қолға жұққан майларды да кетірген жөн. Осы себепті ас ішерде және астан кейін қол жуудың пайдасы көп.

Тағы бір жолы Ардақты пайғамбарымыздың жанында хазірет Халид (р.а.) бар еді. Астың алдында береке сезілгенмен, астың соңын ала берекесіздік байқалды. Алғашқыда бітпеген ас соңын ала тез бітіп қалды.Жағдайдың себебін білгісі келген хазірет Халид Пайғамбарымыздан (с.а.у.) сұрағанды жөн көрді: «Уа, расулалла, алғашқыда тамақтан береке байқалды, кейінірек бір берекесіздік сездім». Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған былай деп жауап берді: «Біз тамақ ішер алдында «бисмилла» деп айттық. Алланың атын айтып барып асқа қол создық. Кейіннен арамызға қосылған кісі «бисмилла» деп айтпады. Берекесіздікке сол себеп болды». Сөйтті де оған мынаны қосты:

«Кім тамақты бисмилласыз бастаса, өзімен бірге шайтанның да сол тамақтан жейтінін білсін».

Демек, бисмилламен басталған аста береке болады. Шайтан ондай дастарханға жақындай алмайды. Бисмиллә айтылмаған аста береке болмайды. Өйткені шайтан да дастархан басындағылардың қатарына қосылып, асқа ортақтасады, бірақ олардың бұдан хабары болмайды...

Ғалымдар шайтанның да асқа ортақтасатындығын бірауыздан құптаған.

Жоғарыдағы оқиғада Пайғамбарымыз отырған дастарханға шайтан жақындай алмағанмен, бисмилла айтылмаған жерге шайтанның келетіндігі ұқтырылған. Бір жағы ескерту мәнін иеленуде.

Ғалымдардың айтуынша: «Ас ішерде бір кісі бисмиллә деп айтса, басқаларына сол жеткілікті. Алайда кейіннен келгендерге бұның қатысы жоқ. Олардың да өздері бисмилла деп айтуы керек».

Бисмиллә туралы бір хадисте хазірет Айша анамыз (р.а.) былай деп жеткізуде:

«Ардақты Пайғамбарымыз алғашқыда бисмиллә деп айтуды ұмытып кеткендер үшін былай деген: Егер әлдекім ас ішерде бастапқыда бисмилла деп айтуды ұмытып кетсе, есіне түскен кезде «Бисмиллә фи әууәлихи уә ахирихи» яғни, «басында да, соңында да бисмиллә» десін».

Бұның мағынасы «ұмытып кеткен бисмилланы басында да, соңында да айтқым келеді. Раббым, осы ниетімді қабыл ала гөр» деген сөз.

Ардақты пайғамбарымыздың жарларының бірі Үммү Сәләма (р.а.) еді. Бір ұлымен жесір қалған Үммү Сәләманы Пайғамбарымыз өзіне некелеп, қарауына алған болатын. Ұлы Амир ибн Үммү Сәләма әлі кішкене бала болатын. Бір жолы өгей бала тамақ кезінде әкесінің қасына келді. Ардақты пайғамбарымыз оған үлкендермен отырып ас ішудің әдебін былай деп үйретті: «Балам, келе ғой. Әуелі бисмилла де. Содан кейін оң қолыңмен же. Табақтағы астың өзіңе қараған жағынан ғана алып отыр, жарай ма?»

Осы себепті әсіресе балалар кішкене кездерінен әдетке айналдыру үшін тамақ ішерде бисмилла деп айтқызып, оң қолмен әрі өз алдынан жеуге үйрету керек.


Береке Мәсенов

Мәліметтер www.asylarna.kz сайтынан алынған

Абзал ТокабайАбзал Токабай
10 лет назад 6878
0 комментариев
О блоге
0
9397 46 58 30 41