Ғаламторға қатысты 10 әдеп
Ғаламторға қатысты 10 әдеп



1. Ғылым мен техника дамыған сайын адам баласы тұтынатын құралдардың қолжетімді нұсқалары пайда болуда. Құранда, «Ал Алла сендерді де, сендердің жасап жатқандарыңды да жаратқан». («Саффат» сүресі, 96-аят) делінген. Сондықтан, әрбір жаңа технологияны – Алланың нығметі деп қабылдай білу керек. Иә, ғаламтор да – көз бен қол секілді нығметтердің қатарында. Нығметті сәйкесінше пайдалану – сол нығметке деген шүкірлікті білдіреді. Алысты жақындатып, лезде хабар алғызатын, түрлі машақаттардың азаюына себеп болған ғаламторды да Алланы разы ететін, қос дүниемізге пайдасы тиетін жолда пайдалану талап етіледі. Мейлі, ол надандықпен күресу, алыстан хабар алу, білім іздену, білім тарату болсын...

2. Ғаламтор – нәзік әрі қатерлі сала. Ғаламтор – дін дұшпандарының қолында тұрған оқсыз «қару». Әлем мұсылмандарының ғаламтордан нені алып, нені беріп жатқанын таразылап отырған имансыздардың кейбір топтары ғаламтор арқылы қаншама мұсылман жамағатын басқарып отыр. Әлсіз тұсын білген дұшпан кез келген жерден қақпан құруы да мүмкін. Ғаламторды пайдаланған сайын осы нәрсені естен шығармау керек. Яғни, сіз де олар секілді ақпаратты сүзгілеуді үйреніп, құрыққа түсіп қалмаудың жолын меңгеріңіз.

3. Өлшер болсақ, ғаламтор – пайдасынан зияны көп нәрсе. Сол себепті, адам өзіне қажеттіні алып, өзгеге пайдалыны беріп болғаннан кейін уақытын ысырап етпестен шығып кеткені дұрыс. Пайдасыз сайттарға бас сұғу – уақытты өз қолыңмен буындырып өлтірумен тең. Адамның Қияметте ең бірінші өкінетіні – пайдасыз өткізілген бос уақыт екен.

4. Өзгеге пайда келтіре алмасаңыз, зияныңыздың тиіп кетпеуін қадағалаңыз. Мұсылман – тілімен де, сөзімен де зиян келтірмейтін адам. Сенің бір ғана қауіпті нәрсені бөлісуің – бесіктен белі шықпаған біреудің өмірлік көзқарасының өзгеруіне септігі тиюі әбден мүмкін. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді».

5. Ғаламтор – білім көзі емес. Ғұламалар: «Кім кітапты өзінің ұстазына айналдырса – ол адам адасады» деген. Ғаламторды емес, біз қадір тұтатын кітаптың өзі сізге дұрыс білім бере алмайды екен. Адамға кітапты түсіндіретін, бағыт-бағдар беретін тәжірибелі ұстаз қажет. Ғаламтор да адасуға себеп болатын құрал болғандықтан, білім көзіне, ұстазға айналдырмаңыз.

6. Көзіңіз шалған кез келген ақпараттың сенімділігіне көз жеткізу қажет. Анықтап алғаннан кейін ғана қабылдаңыз және өзгелерге таратыңыз. Алла Тағала: «Ей, иманға келгендер! Егер сендерге бір бұзық (бойсұнбаушы) қандай да бір хабар әкелсе, білместікпен адамдарды айыптап (тиісіп), істегендеріңе өкініп қалмауларың үшін анықтап алыңдар» («Хужурат» сүресі, 6-аят) дейді. Хадисте естіген нәрсеңді айта беруің өтірікші болуыңа жеткілікті демей ме?

7. Әдемі сөздердің бәрі де – ақиқат емес. Әсіресе, әр түрлі топтарға жарияланатын хадистерді, ғұламалар сөздерін тек дерек көзімен ғана қабылдаңыз. Құлшылығыңызға сызат, мінезіңізге дақ түспесін десеңіз, үнемі сілтеме қойылатын жазбаларды оқуға дағдыланыңыз. Ең дұрысы – тек қана сенімді деген адамдардың жазбаларын оқу болып отыр.

8. Әлеуметтік желілеріңізге жариялайтын дүниелерді сөзге балауға болады. Яғни, шариғатта тілге, сөзге байланысты айтылатын тыйымдар мен рұқсаттар ғаламтор бетіндегі жазбаларға да қатысты. Сіздің біреуге жазған ғайбатыңыз, достарыңызды тарту үшін жазған өтіріктеріңіз Ақыретте жауап беруге тиіс болатын күнәға айнала шығады. Мұсылманның бір дұшпаны – сауатсыз мұсылман екендігін есіңізден шығармаңыз. Қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде өзіңіз жақсы білмейтін тақырыпта пікір айтудан, ой қосудан өзіңіздің тыйғаныңыз абзал. Бұл – өзіңіз үшін де, өзге үшін де ең тиімді шешім. «Әрі өзіңде білімі болмаған нәрсеге ерме. Анығында есту, көру және жүрек – бұлардың әрқайсысы сұраққа тартылады» («Исра» сүресі, 36-аят).

9. Ғалымдар: «Ғаламтормен жалғыз қалған адам өлікпен тең» деген тұжырым да айтқан екен. Ғаламтор – иман күшейтуден гөрі, тақуалықты азайтатын, ихсанды (Алланың көріп тұрғандығын) түсіретін құрал. Сіз кейде жабығып, күйзелгенде өзіңізді басу үшін ғаламторға бас сұғуыңыз мүмкін. Бұл – қате қадам. Сіздің жүрегіңіздің емі – әлеуметтік желі емес, Құран. Сән-салтанатта, бай-бақуаттылықта өмір сүріп жатқан әйелдердің, ажары әдемі, киімі сәнді, сырты бүтін, іші түтін қыздардың суреттері кім-кімді де азғырады. Нәтижесінде оның өз өміріне, күйеуінің табысына деген қанағатсыздығы оянады. Адам өзінен төмен адамдарды, нашар жағдайды көргенде ғана өзінің қадірін, тұрмысының қадірін түсінеді. Ол ғаламтордағы жалған бейнелерге емес, мүгедекке, шырылдаған бала-шағасын асырай алмай жүрген жесірге, күйеуінен күнде таяқ жейтін әйелге, кедейге қарасын. Қысқасы, «жылтырғаннаның бәрі алтын емес».

10. «Адам өзіне қалағанды мұсылман бауырына қаламайынша иман келтірген болып саналмайды» (Әбу Дәуд). Бұл қалай? Сізге ғаламтор бетінде, әлеуметтік желілерде қандай да бір әрекет ұнамаса, қандай нәрсені өзіңізге зиян деп білсеңіз, дәл соны өзгелерге жасаудан тыйылыңыз. Расында, барлық игілік – біреуді сынаудан, сөгуден емес, өзіңді түзеуден басталады.

Мәліметтер www.asylarna.kz сайтынан алынған.

Абзал ТокабайАбзал Токабай
9 лет назад 5385
0 комментариев
О блоге
0
9397 46 58 30 41
Прямой эфир