«Жіберіп көзді еркіне...»
«Жіберіп көзді еркіне...»

Жіберіп көзді еркіне,

Ғапылдықпен тыймаппын.
Экрандағы ерлердің
Бейнесін миға жинаппын.
Санама сансыз суретті,
Сақтап алыппын ширақ тым.
«Улы оғымен шайтанның»[1],
Қалбымды әбден қинаппын.
Құранның аят, нәр үнін,
Нәбидің жұмсақ әмірін (с.а.с.)
Естіп жүрсем де қанша рет,
Иманның ұқпай кәмілін,
Құлағыма құймаппын.

Бұйырған еді Пәк Раббым:
«...Иманды әйелдерге айт,
Көздерін /өзге еркектерге,
Тыйым салынғанға қараудан тыйып,/
Төмен қаратсын...» («Нұр» сүресі, 31)
Ал, сен, менің көздерім!
«Қарама!» десе, қарапсың,
«Көк жәшіктегі» әкең бе?
Назарды еркін қадапсың.
Сұраларыңды ұмытып,
Міндетіңе салақсың.
Алладан қорқып, тартынбай,
Амал етіп, талпынбай,
Алланың ұлы Әмірін,
Оқуға ғана жарапсың...

...Қарай бергенім соншалық,
Бұлжытпай білем қалыбын:
Әнші, журналист, әртісті,
Түсімде көрсем таныдым...

«Көк сандықтағы» кейіпкер,
Бейне ол соқыр көрмейтін.
Камераға күлгенмен,
Көңілін саған бөлмейтін.
Ал, Пайғамбар көрге де (соқырға)[2],
Қарауға рұқсат бермейтін...

Қаперсіз жүріп, қанша рет
Харамға қарап қойыппын.
Күнә деп білмей ‒ назарды,
Жүректің нұрын жойыппын...

Кешірші, Раббым, кешірші!
Міне, енді тыйылам.
Күнәдан Өзің сақташы!
Өзіңе ғана сыйынам... 

Кеудеміздегі кесек ет,
Болмаса екен «кесел ет».
Қара дақ болып әр күнә,
Жүрекке барып төселет.

Алланың «Ғафур» есімін,
Еске ал, тіле кешірім!
...Күнәдан таза ұстайық,
Жүректің әрбір есігін!..

Әлімқұлова Индира

[1] Абдулла ибн Масғұд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында көз салып қарау – Ібілістің улы жебелерінің бірі. Кімде-кім Менен қорыққандықтан қарауын қойса, жүрегінде ләззатын сезінетін иманмен алмастырамын», – делінеді. Яғни, көзге түскен әрбір нәрсе жүрекке өз әсерін береді. Тағы бір хадисте: «Күнә – жүректің тынышсыздығы», – делінген.

[2] Умму Сәләмә (Алла оған разы болсын): «Мәймунамен бірге Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жанында едік. Екі көзі де көрмейтін Абдуллаһ ибн Умми Мәктум (Алла оған разы болсын) рұқсат сұрап ішке кірді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұны көргенде бізге: «Ішке өтіңдер» деді. «Ол соқыр емес пе, бізді көрмейді ғой?!» дедім. Сонда, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол сендерді көрмейтін болса, сендер де оны көрмейсіңдер ме?» деп жауап берді» дейді. Яғни: «Ол соқыр болса, сендер соқыр емессіңдер ғой» деп ескерткен. (Тирмизи, Әбу Дәуд, Ахмад).

Мәліметтер www.asylarna.kz сайтынан алынған.

Абзал ТокабайАбзал Токабай
9 жыл бұрын 4408
2 пікір
Блог туралы
0
9397 46 58 30 41