Орамал маған не береді?
Орамал маған не береді?

 


Иманды әпке, сіңілім!

«Орамал тақсам жұмыссыз қаламын» деп қорықпа! Сен жаулықсыз жүрсең де несібеңді беріп келген Алла, қашан Оның бұйрығын орындағаныңда тастап қояды дейсің бе?

«Айналамдағы адамдар қарсы болады» деп те қорықпа! Олардың жүректерін туралыққа бұрып қоюға әлемдердің Раббысының күші жетпейді дейсің бе?

Алла Тағаланың панасына қарай қадам басқан нәзік жанға Оның қорған болатынынан шүбәланбауымыз керек қой. Керісінше қазіргі қолда барыңның орнын Алла Тағала одан артық игіліктермен алмастырып қоярына сенемін. Бұған сенуімнің өз себебі де бар.

Мәселен, Алланың құлы – мен, орамал таққаныма дейін шетелдің даңғаза музыкасына, пайдасыз әуендерге құмар едім. Орамал таққанымнан соң оның бәрін Алла үшін тастадым. Есесіне Алла маған Құран оқуды үйретті!

Бұрын ұялудың не екенін жете түсінбеппін. Қазір өзімнің ар-намысымды өзгелерден өлердей қызғанатын дәрежедегі биік сезім кеудемде патшалық құрды.

Әуретімді толық жапқаныма дейін араласатын ортамның достыққа опалылары, шын жанашырлары, сенімділері тым сирек болатын. Орамал таққан кезімде, Алла маған туған әпкемдей қамымды ойлайтын, Ақыретіме алаңдайтын, дүниелік есеппен емес, Алланың есепсіз нығметі үшін дос болатын орта мен достарды сыйлады.

Жаулығымды жамылғаныма дейін дүниелік пайданы ғана көздейтін ортада жұмыс істедім. Орамал таққанымнан соң Алла маған Құран мен Даналықты ұлықтайтын, хақыңның өтелуін ұмытпайтын, ілімімді арттыратын, Ақыретіме сауабы барып тұратын, ақысы адал, иманды жандардың ортасынан жұмыс нәсіп етті.

Бүркеншікке мән бермей жүрген кезімде, көп күнәні елемей, бұйырылған мен тыйым салынғандарға қатысты қаперсіз болыппын. Дән шоқыған құс секілді оқып келген намазыма ғана мәз болған екенмін. Ал, қашан Алланың әміріне сай киінгенімде, қайырлы ілім, дұрыс пен бұрысты айыра алатын қабілет, халал мен харамды қадағалайтын сақтық, күнәлардан қайтаратын қорқыныш, тәубаға асықтыратын қырағылықтың нәсіп етілуде екенін сезе бастадым...

Жүрегінде иманы, амалында намазы бар құрбым!

Сенің де шын бақытқа қауышуыңа тілектеспін. «Салиқалы әйел, ізгі амал істемейтін мың еркектен хайырлы», -демей ме?! (хадисті Омар ибн әл-Хаттаб жеткізген) Намазың арқылы өзіңді құтқарсаң, Алланың киімге қатысты әмірін орындау арқылы тек өзіңді ғана емес, өзге ерлерді де бүліктен құтқара аласың. Алла Тағала әйелдерге көріктерін жасыруды, кеуделерін жабуды бұйырса, демек осында біз үшін амандық бар!

«Әйел – әурет» демекші, қыздың нәзіктігі, әйелдік көріктері айқара ашық жүргенде, ол әйелден жүрегінде дерті барлар дәметеді! Әйел затының намазы болғанымен, оны қаза болудан қорғайтын, имандылығын танытатын, абыройын асқақ көрсететін иманға сай киімі болмаған соң, көшедегі бөгде ерлерді өзіне қаратпай, мыңдаған көздерге тәнін сұқтандырмай жүруі мүмкін емес. Себебі, көрініп тұрғанға көздің түспеуі, көріктінің көз тартпауы мүмкін емес.

Көпке жария болған көркің мен жасырылуы тиіс бар асылыңның қасқырлардың жемтігіндей таланып, қадірі түскені саған пайда ма? Есі кете ентіліп, бөтен еркектердің өзіңе ішіп-жеп қарағаны, хақысы жоқ біреудің саған іштей емеурін танытып емінгені қорлықпен тең емес пе?! Алла бұйырған әмірден тыс түздегі әсемдік әйел абыройын көтермейді. Өйткені, Алланың үкіміне қайшы келген кез келген әрекеттің сүйкімдісі болмайды. Алланың бұйрығын өз ойыңның өлшеміне салма! Себебі: «Алла және Оның елшісі қашан бір іске үкім етсе, ешбір иманды ер мен иманды әйелге ол істі өз білгеніне, таңдауға салуына болмайды. Ал, кім Аллаға және Оның Елшісіне бойсұнбаса, онда анық адасуға түсті» («Ахзаб «сүресі, 36-аят)

Абдуллаһ Ақбота

Мәліметтер www.asylarna.kz сайтынан алынған.

Абзал ТокабайАбзал Токабай
10 лет назад 5835
4 комментария
О блоге
0
9397 46 58 30 41